Әлеуметтік желіде жағалауда жорғалап, теңізге кірген тасбақаның видеосы тарады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Бейнеролик авторының айтуынша, ол тасбақаның мұндай түрін бұрын соңды Каспий жағалауынан көрмеген. Тасбақа алғашында шалқасынан төңкеріліп жатқан. Тіпті тіршілік белгілерін де білдірмеген. Кейін автор тасбақаны аударған сәтте бауырмен жорғалаушы бірден қозғала кеткен.
Бұл оқиғаға қатысты mangystaumedia.kz редакциясы "ECOJER" қауымдастығының Маңғыстау облысы бойынша аймақтық экологиялық кеңесінің мүшесі Әділбек Қозыбақовқа байланысқа шықты. Маманның айтуынша, видеодағы – батпақ немесе саз тасбақасы.
- Тасбақаның бұл түрі Еділдің атырауынан Ырғыз су қоймасы мен Сырдарияның сағасына дейін таралған. Жайық өзенінің сағасынан Қазақстанның солтүстік шекарасына дейін тіршілік етеді. Бұл тасбақа Маңғыстаудағы Саура көлшігінде кездеседі. Бірақ соңғы жылдары басқа да жерлерде кездесіп жүр. Менің ойымша, ол жерлерге батпақ тасбақасын адамдар апарған. Саурадан, өкінішке қарай, кей адамдар тасбақаны үйіне алып кетіп, балаларына "тірі ойыншық" ретінде береді. Ал бала қызықтап болғаннан кейін оны далаға тастайды. Табиғи мекен ету ортасынан өзге жаққа әкелінген тасбақалар бейімделе алмағандықтан өліп жатады,- деп бөлісті эколог Әділбек Қозыбақов.
Маман видеодағы тасбақа Қазақстан бойынша сирек кездесетін жануар болмаса да, Маңғыстауда көп кездесе бермейтінін айтады.
Роза Әділханқызы